Тұңғышбай Жаманқұлов: Өнерпаздарды құл санап, той-томалағыңда ырбаңдатып билетіп, сүйек кеміртіп қойған қоғам – азған қоғам

Бөлісу:

Белгілі театр және кино әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов «Жас қазақ» газетіне сұхбат беріп, өзекті мәселелерге тоқталып өтіпті. Оқырман қауымға сол сұхбатты ұсынамыз.

Jas qazaq: Тұңғышбай аға, осыдан бірер апта бұрын Мемлекет басшысымен кездестіңіз. Араларыңызда қандай әңгіме болды, не сұрады, не айттыңыз?
Т.Жаманқұлов: Не айтушы едім?.. Алдыңғы толқын ағалар сияқты, өзіне орден, атақ, бала-шағасына қызмет сұрайтын әдетім жоқ. Осыған үйренбеппін. Ондайға аузым бармайды… Мемлекет басшысымен әңгімеде жеке бастың қамын әңгімелеуді ұят санаймын. Өзі біліп, сұрап жатса – әңгіме басқа… Онда да маған өйте қойыңыз, бүйте қойыңыз деп міндетсіну – еліңді де, басшыны да сыйламау деп есептейтін ұрпақтың өкілімін ғой…
Ел арасындағы қадырыңды білетін басшы, қалауыңды сұратпай береді деп ойлаймын. Атақ пен орден сұрап, ел-жұртты ығыр қылған ағаларымыз бар ғой. «Анау деп, мынау деп», өзінен басқа ешкім жоқтай, біреуді жамандап, бір шенеунікті мақтап, жағымпазданып жүріп, әйтеуір дегеніне жетіп жүр. Аман болсын. Менің мемлекет басшысынан сұрайтыным – өзім өмірімді арнаған қазақ театр өнерінің қамы мен қадыры… Қазақстанның театр қайраткерлері одағының төрағасы болғандықтан, еліміздегі 56 театрдың тыныс-тіршілігін жақсы білемін… Ондағы әріптестерімнің «қара суға зар» әлеуметтік жағдайларын былай қойғанда, шығармашылық аштықтарына қанықпын. Қазақта сөз бар ғой, «қарағайдай мүйізіңді қайтейін, серкелікке жарамасаң» деген. Өнер әлемінің қоғам мен ел өміріндегі орнын мемлекет басшысы жақсы біледі… Қазіргі кездері қоғамда орын алып отырған идеологиялық кемшіндікті кәсіби өнер иелері толтыратынынан хабардар дегдар адам ғой… Ұйып тыңдады.. Өнер академиясындағы, кино төңірегіндегі кірбіңдер де сөз болды. Бес-алты жыл бойы бірде-бір ұсыныс-тапсырыстарымыз талақ етіліп, күресінде қалған Қазақстан театр қайраткерлері одағын қолдауға тиісті министрлікке құлағдар етемін деген сыңай танытты.
Jas qazaq: Естуімше, әртістердің жалақы мәселесін айтыпсыз. Театр актерлерінің еңбекақысы соншалық аз ба? Былайғы жұрт шетінен асаба, тойдың гүлі, бәрі бай деп жатады.
Т.Жаманқұлов: «Әртіс» деп кекетпеңізші. Сізді «жұрнәліс» деп кемсітпейміз ғой… Сонан соң «артист», «журналист» деп грамматикалық дұрыс жазу білімділіктің мысалы. «Арт» сөзі орыс сөзі емес. Латын тілінде «өнер» деген ұғымды білдіреді. Оны домбаздап қазақшалау дұрыс емес. Айтылу мен жазылу туралы орфографиялық ережені аяққа басу – патриоттық емес, керісінше ұлттың интеллектуалдық абыройын түсіру. Жазғандарыңды ел оқиды, олар аңқаулықпен е-ее, осылай екен ғой деп, жаппай білімсіздікке бет бұрады.
Jas qazaq: Ауыз екі қалыптасып кеткен сөз болғасын айтып отырмын.
Т.Жаманқұлов: Хош деңіз! Реті келгенде айтылған базына деп ұғарсыз. Жалғыз сіз емес, мүйізі қарағайдайлар да осыған мән бермей жүр.
Артистердің жалақылары өте-мөте төмен. Бай боп жүрген той әншілерінің де мемлекеттен бөлінетін еңбекақылары түк емес. Олар оны қаперлеріне де алмайды. Қанша екені, тіпті ойларына да келмейді. Есесіне, тойда фонограммамен айтатын екі-үш әнінің гонорарының мөлшерін жақсы біледі. Бұл қызғаныш емес, алсын. Ел беріп жатса, неге алмасын? «Есектің артын жуып та мал тап» дейді ғой, өзбек ағайындар. Бірақ эстрада әншілерінің аста-төк жағдайларымен драма мен кино артистерінің арқа еті арша, борбай еті борша боп жүріп алатын нәпақаларын салыстырудың жөні жоқ. Олардың түгелі дерлік той-томалақта асабалық жасамайды, бірлі-жарымы болмаса… Асабалық та мамандық шығар, оны да қолынан келгені істейді. Бірақ ол актерлік талант емес. Ал актерлік деген ұққанға мамандық емес, ол суреткерлік, яғни орындаушы ғана емес, тудырушы. Ол кейде азаматтық ұстаным да. Қарапайым халық мұны жақсы түсінеді. Тек өнер шенеуніктері қақпай-ақ қойды. «Айта-айта, Алтайды, Жамал апай қартайды» демекші, мен де айтуды қоймаймын, шенеуніктер де бітеу. Облыстық театрлардағы ең жоғарғы айлық – 40 000, төменгісі 20 000 теңгенің үстінде. Әлеуметтік қорғау мен мәдениет министрліктерінің өттері жарылып кетсе де, шындық осы! «Академиялық» деп жүрген министрліктің «бесігіне» бөленген театрларда да ең жоғарғысы – 90 000 теңге! Солай! Өздері білетін шығар деп сеніп жүрген, шешенсіп сөйлеп, көсемсіп ойлап, халықтың қамын жеп, «қан жұтатын» депутаттарға миллион теңге аздық етеді екен. Біздер – кедейміз, кедей-жомарттармыз! Осыны айттым.
Jas qazaq: Театр басшылары өз қарамағындағы қызметкерлерінің еңбекақы, пәтер, әлеуметтік мәселесін реттемей ме, олар қайда қарап отыр?
Т.Жаманқұлов: Қайда қараушы еді, астындағы орынтағына қарап отыр. Сол орыннан айырылып қалмаудан басқа бас ауруы жоқ. Сол есек дәменің жетегінде, сол орынға отырғызған министрге оңтайлы болу үшін, арын да, ағасы түгіл атасын да сатып жіберуге әзір! Сіз айтып отырған еңбекақы, пәтер мәселесімен ешбірі де айналыспайды. Айналыса да алмайды. Пәтігі жетпейді! Ондайға тұлғалық қасиет керек. Біздің кезіміздегідей, сол мәселелерді айтып, министрдің миын жейтін филантроптық көзден бұлбұл ұшқан! Бізде бір басшы болған. Екі оққағар, екі көмекші, екі қолтықтаушы, екі орынбасары боп есікке сыймай жүретін. Бірақ түк те бітірген жоқ. Парақор әріптесіне алтын қалам мен алтын зерлі қамқа тон жауып алқалағаннан басқа. Қазір түк бітірмейтіндердің түкірігі жерге түспейді. Түгін тартсаң, күлк-күлк май тамады, жағасы жайлауда, жоғарылаудың резервінде. Осыны айттым.
Jas qazaq: Театр деген өнердің қара шаңырағы. Өнер адамдары құс сияқты еркін болуы керек. Бағыныштылық өнер адамдарына тән қасиет болмаса керек-ті. Бірақ театрда басшылыққа бағыну, режиссерге ұнау деген сияқты жазылмаған заң бар дейді. Осы рас па?
Т.Жаманқұлов: Рас. Әсілі, керісінше болу керек-ті. Басшы ұжымына бағынып, режиссер актерлерге ұнауы керек-ті. Өйткені ұжымына сыйлылықтан татулық, актерлеріне ұнаудан таза өнер туады. Суреткерлік тандем деген осы. Шығармашылдық әлем осындай болса игі! Құс сияқты еркіндікті жақсы айттың. Тордағы бұлбұлдың сайрауы – басқа сайрау, жылауға жақын. Тізеге басу – өнерді өлтіру.
Jas qazaq: Рахымжан Отарбаевтың «Актриса» деген әңгімесінде рөл бөлудің қызығы айтылады. Басшының көңілін табу, ебін табу деген сияқты. Бүгінгі театрларда сол «қарым-қатынастар» әлі бар ма?
Т.Жаманқұлов: Бар. Бірақ бәрі басшыға байланысты. Әділдікті әдетке айналдырған басшының айналасында мұндай қарым-қатынас кем. Өнер – жарыс. Озу бар, қалу бар. Аламан бәйге, тай жарыс сынды бел көтерер күресте қарым кемдігі, қанат ауқымы әртүрлі. Кейде бап шабады, кейде бақ шабады. Әркімнің көңілі жоғары. Кезек емес кезіңді күтерге тау қозғалтпас төзім де керек. «Ал балық, аузыма сал балық» деген міндетсіну дұрыс нәрсе емес. Актерлер қай бәйгеге де суытылып, даяр жүруі де керек. Асыл текті тайбурылдардай ат дорбаға көз салмаған ләзім. Осы жағдайлар жоқ ұжымда Рахымжан марқұм байқаған бәдік мінез етек алатыны хақ.
Jas qazaq: «Театр әртістері ғана емес, қазір әншілер де «төте» жол тауып алған» деген пікірді жуырда композитор Қалдыбек Құрманәлі айтты. «Өнердегі жұлдыздар – бір түндік құрбандар» деген сіздің де сөзіңіз бар. Бір түнде әнші болып шыға келетін талантсыздардың талант құпиясы неде? Құрбандығы не болды?
Т.Жаманқұлов: Таланттылардың да тағдыры тәтті емес. Барыңды бағаламайтын, биігіңді елемейтін, қымбатың арзанға айырбасталған заманда түлкі бұлтаң болмай қоймайды. Бұл – жалпы қоғамның дерті, оны өршітетін министрлер, басшылар. Құпиясы осы. Ал құрбандығы – көрінгенге қолжаулық болған есіл өнер! Өнерпаздарды құл санап, той-томалағыңда ырбаңдатып билетіп, күйлетіп, ән айтқызып, қалған сүйек кеміртіп, жуындыға мөлитіп қойған, ең төменнен орын беретін қоғам – азған қоғам. Ақырзаман жақындаған сияқты.
Jas qazaq: Актерлер мен шоу-бизнестегі қыз-жігіттер арасында әңгіме көп. Көгілдірлер мен қызтекелер бар дейді. Осы рас па? Өзіңіз көрдіңіз бе?
Т.Жаманқұлов: Білмеймін, көргем жоқ, кездестірмедім де…
Jas qazaq: Бибігүл Төлегеновадан сұхбат алайын деп хабарластым. Мазасы болмай жатыр екен. «Газетке ғой. Сахнаға шығатындай дайындалмай-ақ қойыңыз. Демалып жатып сұхбат берсеңіз де болады» дедім. Көнбеді. «Бибігүл деген атыммен төсекте қобырап жатып сұхбат бермеймін. Ондай мәдениет жоқ менде» деді. Қазіргі әншілер газет түгілі, телеарнаға ұйқысы қанбай, шашы қобырап, тіпті іш киіммен отырып шыға береді. Бұл не: мәдениет пе, әлде жаһандану ма?
Т.Жаманқұлов: Бетімен кеткендік. Әдепсіздік. Білімсіздік. Арзан пиар. Шерағам айтқандай «қазаннан қақпақ кеткені», ышқырдың бауы үзілгені. Бірақ бәрі емес шығар, бірлі-жарым жарыместері болмаса. Бибігүл апамдар тектілердің, могикандардың соңы ғой. Мына бір оқиға есіме түсе береді. Ұстазым Хадиша Бөкеева ауруханада тәсілімде жатты. Көңілін сұрай барғанымда, ә дегеннен палатасына кіргізбей, қасында тұрған медбикеге «шашымды түзеп, бетіме опа жақшы» депті. Жан қиналысын көрсетпей, тектілікпен бақұлдасқаны. Не дейін, қайсыбірін айтайын…
Jas qazaq: Театрда неге екенін жыл сайын белгілі екі-үш адамның ғана пьесасы қойылып жатады. Олардың өзі берерін бергендер. Ойы да ескі. Жастар неге жоқ?
Т.Жаманқұлов: Жастар да бар, бірақ аз. Ойы ескілер де бар, олар көп. Драматургия – асау ат. Үйрету де, үйрену де қиын. Құдай бермегенді сұрап ала алмайтынды ұғыну кемшін. Бұған тағы да сол төбеде отырған басшының өре-қарымы кінәлі. Өзі ұқпайтынға миы қалай жетсін!
Jas qazaq: Осыдан жиырма-отыз жыл бұрын өнер адамдары туралы түсінік басқаша еді. Жұрттың қошемет-құрметі де ғажап болатын. Жас балалар әртістерге қарап бой түзейтін. Ата-аналары да пәленшедей болсын деп ырымдайтын. Қазіргі ұғым өзгерді. Әртістерге ұқсасын дейтіндер аз. Құрмет-қошемет те төмендеген. Неге?
Т.Жаманқұлов: Бұл жайында шет жағасын айттым-ау деймін… Бой түзейтін дейтін «бойшаңдар» мен ой түзейтін ойшылдар бұққан заман. Бұққан сайын бүкір боласың, өрге баспаған ойыңды тот басады екен. Аң терісін жамылған басшылардың «шешендігін» де керең болғыр құлағымыз естіп, соқыр болғыр көзіміз көрді- ау! Бірнеше жыл өнердің төбесінде әңгір таяқ ойнаттық! Көндік. Әй дейтін әже, қой дейтін қожа болмады. «Мұның не?» дегеннің бірі мен едім, білесіңдер. Өзін ғана ойлаған арзандар мен алыпсоқтар жайлаған, ақсақалсыз қалған өнерде қайдан құрмет болсын. Жастардың жаны жадау, үміт жіңішкерген кезден өттік. Үзілмесе игі сол Үміт! Қараспан төне бермес, қара бұлт та ыдырар.
Jas qazaq: Қазаққа ақыл айтатын ақсақал жасындағы өнер адамдарының кейбір мінезін көргенде, яғни қыз-қырқынның әңгімесін айтып, біреудің артына шам алып түскенін көргенде, қазақ мінезінің өзгергеніне ішің ашиды. Олардың арасында ақын-жазушылар да бар.
Т.Жаманқұлов: «Келгенде Жиенқұлға шықпайды үнім»… Ермек Тұрсынов інімнің бір айтқаны әлі күнге зәремді алады. Былай деп еді: «Он миллион қазақтың жалғыз ақсақалы бар еді, ұлты неміс, одан да айырылдық. Герағамыз, Герольд Бельгер қайтыс болды» деген. Денемді мұз қарыған. Тік тұратын төбе шашым да қалмады.
Jas qazaq: Бұқпасыз, еркін әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Жарас КЕМЕЛЖАН

Бөлісу:

Пікір немесе жауап жазу