Гей мен лесбияндар да біз секілді махаббатқа құқылы адамдар – отандық әнші

154
0
Бөлісу:

Жас әнші Азамат Сыздықов қазақ эстрадасында The Kitchen Songs деген атпен танымал. Жақында ресейлік Unipop Music лейблімен келісімшартқа отырған өнер иесі Stan.kz порталының тілшісіне “Екеумізге бәрібір” бейнебаянына ЛГБТ мен ұлтаралық жұптарды түсірудегі мақсатын айтып берді.

– Жақында ғана жарық көрген ән бір-бірін сүйетін екі адамның атынан екі жыл бұрын жазылған. Әнді жазып жатқанда қоғамда резонанс тудырған бір жағдай болды. Қателеспесем, қазақ қызы қытайлықты өмірлік жары етіп таңдағаны үшін сынның астында қалды. Қазақстандықтар олардың шаңырақ көтеруіне кедергі келтіріп, жас жұбайларды соққыға жыққан еді. Мұндай жағдайға бейжай қарай алмадым.

Біз махаббат жасқа қарамайтынын тілге тиек етеміз. Махаббат жасқа ғана емес, нәсілге де қарамайды. Адамды шын сүйсеңіз, басқа дүниеге мән бермейсіз, себебі сізге бәрібір. Осы ойды тиянақтап, бір әнге сыйдырттым. Жағымсыз пікірлерге де психологиялық тұрғыдан дайын едім. Әннің бейнебаяны көрермен назарына жол тартқан кезде көптеген адамдар ЛГБТ-ны үгіттеп жатыр деп айып тақты. Менде мұндай ой ешқашан болмаған. Себебі, насихаттағаным махаббат қана.

Гей мен лесбияндарды бейнебаянға ЛГБТ-ны насихаттау үшін түсіру —  үш ұйықтасам да түсіме кірмепті. Әйтсе де менің ойымша, оларды жек көру, адам қатарына қоспау, дөрекілік таныту — ақылға қонымсыз әрекет. Гей не лесбиян болсын олар да біз секілді махаббатқа құқылы адамдар.

Бір қызығы, бейнебаянның түсіріліміне басында актерларды шақырдым. Бірақ олар біз бекіткен рөлдерді ойнаудан бас тартты. Сосын Әмір Шайкежановқа, Әли Баталовқа жазып, клиптің бөлшегі болуға ұсыныс тастадым. Жағымсыз пікірлердің болатынын айтып, дайын не дайын емес екенін сұрадым. Олар бірден келісіп, негативтен қорықпайтындарын айтты, – деді әнші.

Бөлісу:

Пікір немесе жауап жазу

13 + 17 =