Өмірзақ Ақжігіт: ЕРКЕК ЖҮЗДЕ ДЕ – ЕРКЕК

Бөлісу:

НҰРҒАЛИ НҮСІПЖАНОВ ағамыздың үйлену тойына философиялық шашу-тост

«…— Атамекенге барып тұрасыздар ма?
— Барып тұрамыз. Бөкей ханның бейiтi бiздiң ауылымызда. Едiлдiң бiр саласы Қиғаш өзенi Қазақтанның жерiне кiредi. Сол Қиғаштан бүкiл Маңғыстау құбыр арқылы су тартып iшiп отыр.
— Махамбеттiң «Қиғаш үшiн қырқыстық» дейтiн Қиғашы ғой?
— Иә, сол Қиғаш. Ана бiр жылы барғанда атам мен әжем түсiме кiрдi. Атамыз дiндар, мектеп ұстаған адам болған. Медресесi 1925 жылға дейiн жұмыс iстеп тұрған. Өзi жiгiт күнiнде жаяу Меккеге барып келiп, әжемiзге қажылық парызын өтеген соң барып үйленген екен. Түсiмде екеуi де әдемi киiнiп алған, реңдерi жақсы. Атам «бейiттiң мына бiр жерiн сәл жөндеп жiбершi» дейдi. Бастарына көтерген төртқұлақ там шынында да ескi, саман кiрпiштен болатын. Соны жаңадан көтерiп, күмбезiн тот баспайтын болаттан жасаттым. «Көсем би» атанған арғы атам Үкiбайдың атында «Үкiбай шағылы», «Үкiбай шошағы» дейтiн жерлер, «Көсем қорымы» дейтiн қорым бар. Атамыздың өз қабiрi қайсы екенi белгiсiз. Ол кiсi Меккеге бiрнеше рет барыпты. 95 жыл ғұмырында Бөкей, Жәңгiр хандармен, кейiн Мақаш правитель атанған шеркеш Мақаш Бекмұхаметовпен тығыз байланыста болып, дiни-ағартушылық қызмет атқарған екен. Атамыз сексеннен асқан шағында адай мен шеркеш арасында дау туып, соған билiк құрады. Шағымданған шеркеш жағы бидiң әдiл төрелiгiне риза болып әкелген малын атамыз алмай қайтарады. Бұны естiген Мақаш ағайындарына: «Бидiң жақында кемпiрi қайтыс болған. Мен көңiл айта барып қайтқанмын. Бiрақ ол кiсi сексеннен асса да әлi тың екен. Атына қарғып мiнiп жүр. Мал алмаса соған бiр қыздарыңды берiңдер» дейдi. Олар ақылдаса келе бiр қызға тоқтап, оған өздерiнiң шешiмiн жеткiзедi. Әлгi бойжеткен «Көсем бидей атақты адамнан үш ұл тапсам арманым не?» деп келiсiм бередi. Сол күнi түнде қыздың түсiне ақ сақалды қария кiрiп «өлiм-жiтiмi бар, Алладан ең болмаса неге бес бала сұрамадың» дейдi. Әлгi әжемiз шынында да атамыздан төрт ұл, бiр қыз табады, қыз бен бiр ұл қайтыс болады. Үлкен ұлы Сүттiбай — менiң атам.
Бұның тағы бiр қызығы бар. Үкiбай атамыз бiрiншi қажылық сапарынан қайтып келе жатқанда Хиуадан бiр жiгiтпен жолсерiк болады. Ауылына жеткен соң әлгi жiгiтке атамыз «мына жылқының iшiнен бiреуiн мiнiп кет» дейдi. Жiгiттiң көзi бiр биеге түсiп, соны қалайды. Сөйтсе, ол бие Үкiбайдың әкесi Жәутiктiң малының басы екен. «Малды жияды десе шашып жүр екенсiң ғой» деп Жәутiк атамыз үйленбеген баласына еншiсiн берiп, шығарып жiбередi. Атамыздың сексеннен асқан шағында келген әлгi бойжеткен сол жiгiттiң немересi болып шығады…» (Академик, КСРО мемлекеттің сыйлығының лауреаты Хисамуддин Үкібаевпен сұхбаттан).
Айтайын дегеніміз:
1.»Әр нәрсенің қайыры бар» дейді қазақ. Нұрғали ағамыз 82-жасында төсек жаңғыртып жатса, бұл да Алланың ешқашан қарапайымдылығынан айнымаған ағамызға тарту еткен бір сыйы шығар. Жас жұбайларға Сексенбай сүюді нәсіп етсін деп тілейік.
2.Дені сау, табанынан ешқашан сыз өтпеген, сүрлеген қазы жеп, құйрық асай алатын, бесті қымыз іше алатын әрбір жігіт 60-та, 70-те, 80-де, 90-да – еркек, 100-де де – еркек!

Өмірзақ Ақжігіт,

Фейсбук парақшасынан

Бөлісу:

Пікір немесе жауап жазу