«Халықты алдау»: Танымал журналист желіде лотерея ойнатқан Нұрлан Еспановты сынады

Бөлісу:

Бүгінде әлеуметтік желілерде лотерея ойнататын танымалдар аз емес. Мұндай жағдайлардың кейбірі адамдардың алдануымен аяқталып та жатты. Ендігі «лотерея ойнатқыштар» қатарына әнші Нұрлан Еспанов та қосылды. Ол 20 көлік тігілген ұтыс ойынын жарнамалап, желіде ролик жариялады. Осыған байланысты танымал журналист Арман Сқабылұлы өнер иесін сынға алды, деп жазады  Stan.kz ақпарат агенттігі.

Журналист бүгінгі таңда елімізде әлеуметтік желілер арқылы лотерея ойнату белең алғанын айтты. Ашқұрсақ халықты алдау оңай, дейді ол.

«Елдің тұрмыс-тіршілігі төмендеген сайын «аңқау елге арамза молда» да көбейе ме деймін. Қазір әлеуметтік желіде «лотерея ойнату» деген бәле қатты белең алды. «Он мың теңгеге билет алсаң, автокөлік ұтасың, екі бөлмелі пәтердің кілтін ұстатамыз» деген жарнамадан көз сүрінеді. Еспанов деген әнші, тіпті, 20 көлікті ұтысқа қойыпты. Жалпы құны – 61 миллион теңге! Бұл не деген «батпан құйрық»!» – деп жазды Сқабылұлы Facebook желісінде.

Өз сөзінде Арман Сқабылұлы Қазақстанда лотерея ойнатуға жалғыз оператор компанияның құқы бар екенін атап өтті. Мемлекет соған ғана лицензия, рұқсат берген. Ал заңсыз лотерея ұйымдастырып, пайда табатындарға айыппұл салынбақ.

«Қалғандарынікі заңсыз. Халықты алдау. Заңды белден басу. Заңды бұзғандар онда неге жазаланбайды? Салық төлемей миллиондарды қалтаға басқандарға тиісті органдар неге көз жұмады?

Бұл сауалдардың жауабын парламенттегі дереккөзден алдық. Алаяқтар, абайлаңыздар! Енді «Лотерея қызметі туралы заңға» толықтырулар енгізілген соң, «лотерея-лохотроннан» пайда тапқыш Еспанов және сол секілділер мемлекетке 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (500 000 теңге) айыппұл төлейді. Ұтысы тәркіленеді. Оған көнбей жұртты алдауды жалғастыра берсе, жазасы тіпті ауырлайды. Ал, аңқау халқыма айтарым, алаяқ-лотереядан алыстау жүрейікші! Алданып болдық қой! Бізді кім алдамады? Ендігі қалғаны «Еспановтар» еді…» – деп түйіндеді журналист.

Бөлісу:

Пікір немесе жауап жазу

18 − 6 =